Independ.kz - новостной портал.
2023-04-08 10:45
Жигули Дайрабаевтың ұлдары 551 миллионның субсидиясын жымқырған

551 миллион теңгеге жуық субсидия жымқырған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық шартты түрде сотталды.

«Сот үкімі бойынша К. кінәлі деп танылып, жасаған қылмыстары бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетіліп, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Е.- мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан шеттетіле отырып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. М. және Д. (Молдақалық пен Дайрабаев) – Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, пробациялық бақылау белгіленіп,  мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық ету құқығынан айырумен қатар, шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылады», - деп хабарлады Тараз қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Қарастырылған жаза 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (бір топ адамдар жасаған алдын ала келісім бойынша алаяқтық, яғни алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену) бойынша.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Қ., сондай-ақ субсидиялау ережелерін бұзған кәсіпкерлер Е., Д. және М.  «Альбион» құлпынай көшеттеріне алынған мемлекеттік субсидияны  (шаруа қожалықтарына есепке ала отырып) алаяқтық жолмен ұрлап, жеке қажеттіліктеріне жұмсап, сол арқылы мемлекетке 550 849 430 теңге залал келтірген. Кінәлары  іс бойынша жиналған айғақтармен дәлелденді: куәлардың сөздері, бейнежазбалар, сараптама қорытындысы, заттай айғақтар және т.б. бар» делінген хабарламада.

#
Срочные новости