Қазақстан азаматтарын барлық ықтимал тәсілдермен, соның ішінде Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы шығару жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі таңда қақтығыс аймағынан Қазақстанның бірқатар азаматтары эвакуацияланды. Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі біздің азаматтарды Суданнан келісілген және қауіпсіз шығару үшін Қазақстан Республикасының Египеттегі және Сауд Арабиясындағы шетелдік мекемелерімен тығыз байланыста болады, деп хабарлайды ҚР СІМ.
Судандағы соғыс қимылдары басталған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі қазақстандық азаматтарды ұрыс аймағынан эвакуациялау мәселесін зерделей бастады.
Эфиопияда аккредиттелген бірқатар елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, оларға Қазақстан Республикасының азаматтарын Суданнан эвакуациялауға көмектесу үшін ресми үндеулер жіберілді.