Independ.kz - новостной портал.
Logo
Поиск
Понедельник 05.06.2023
AQI
Алматы
+20°
Связаться с нами
2023-04-28 11:45
Алматы қаласының әкімі Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді

Жиынның бірінші бөлімінде қала басшысы Алатау өңірін көркейту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру туралы баяндама жасады.

Әкім жол инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді көтерді. Досаевтың айтуынша, ауданда тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері дәйекті түрде шешілуде.

Сондай-ақ ол биылғы жылы 600 автобус сатып алу жоспарланып отырғанын, оның 200 данасын Алатау өңіріндегі «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің 19 бағытын жаңартуға жіберу жоспарланып отырғанын айтты.

Әкімнің айтуынша, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында Саялы және Қарасу шағын аудандарында ауысымына 200 адам қабылдайтын 2 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталған. Оның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың I тоқсаны.

Одан әрі жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

Жиналғандар ауданның тазалығына алаңдайтындықтарын білдірді. Олар көктемде қар еріген кезде аяқ алып жүру мүмкін еместігіне  шағымданды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан ойын алаңдары мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.

Солтүстік айналма жолының қолайсыздығы туралы көптеген мәлімдемелер айтылды. Тұрғындардың бірі 14 ақпанда өткен митингті еске алды, сол кезде  бір топ адам жолға себілген құмның топырақ пен лай аралас  екеніне наразы болып жолды жауып тастаған. Бұндай жағдайдың  балалар қауіпсіздігіне зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті.

Тағы бір тұрғын № 14 мектептің жанына бағдаршам орнатуды талап етті, өйткені балаларды көлік жүргізушілері қағып кеткен жағдайлар бұған дейін де бірнеше рет болған.

Сондай-ақ, тағы бір ана № 169 мектепте жылудан ақау болғанын, балалардың сабақ кезінде күртешемен отыруға мәжбүр болғанын алға тартты.

Бұл жағдайға байланысты  Алатау ауданының әкімі Қалдыбек Азамат аталған ақпарат жалған, ол мектепте бәрі жақсы деп жауап берді.

Жиналғандар арасында биліктің сөзіне сенбейтінін ашық көрсеткендер де болды. Олар шенеуніктердің  бір сөзбен «бәрі жақсы, мәселе жоқ» деген жалған уәделерден шаршадық деген пікір білдірді.

Ерболат Досаев екі сағат бойы азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Ол ауданның жаңа екенін, бұрын облысқа қарағандықтан біраз қордаланған  мәселе бар  екенін тілге тиек етті.

Дегенмен әкім жиналған халықты алдағы уақытта айтылған мәселелердің  барлығын шешетініне сендірді. Сонымен қатар  Алатау ауданының әкімі Қалдыбек Азаматқа барлық қажетті өкілеттіктер берілгенін еске салып, бүгінгі жиында айтылған мәселелерді назарда ұстауды тапсырды.

Срочные новости