Independ.kz - новостной портал.
2023-04-07 09:08
Қаралы қаңтар: Алматы облысы бойынша ҰҚК-ның бұрынғы басшысы сотталды

Ол Қаңтар оқиғалары кезінде қарамағындағыларға департамент ғимаратынан шығып, құпия құжаттарды жоюды бұйырған.

Талдықорған қалалық соты Алматы облысы бойынша ҰҚК-ның бұрынғы басшысын алты жылға бас бостандығынан айырды. Қаңтар оқиғасы кезінде ол қарамағындағыларға ғимараттан кетіп қалуды  бұйырған.

«Ол Алматы облысы бойынша ҰҚК басшысы бола тұра, өзінің қызметтік міндеттеріне салғырт қараған, 2022 жылғы 5 қаңтарда орын алған оқиғаларды ескере отырып, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау шараларын қолданбау туралы заңсыз бұйрық берген. Олар әкімшілік ғимаратын бұзып, қызметтік және құпия құжаттамаларды жойып, тұрғылықты жерлеріне тарап кеткен. Сол арқылы өзінің қызметтік өкілеттіктігін асыра пайдаланған. Бұл әрекеттің салдары  кейіннен ҰҚК ғимаратын басып алуға әкеп соқты»  делінген Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Істің басқа мән-жайлары «құпия» санатына жатқызылғандықтан, жарияланбайды.

Сот Алматы облысы бойынша ҰҚК-ның экс-басшысын 362-баптың 4-бөлігі бойынша лауазымды тұлғаның өз құқықтары мен өкілеттіктері шегінен шығып, асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Ол алты жылға сотталып, 10 жыл бойы құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Қазақстан Президентіне Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің генерал-майорын арнаулы атағы мен мемлекеттік наградалар, ордендерінен айыру туралы ұсыныс жасалды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Срочные новости