Independ.kz - новостной портал.
2023-04-11 09:03
Еліміздегі 40 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің білім беру ұйымдарына жүргізген мониторингі барысында бірқатар  бұзушылықтар анықталды. Тексеру  көрсеткендей, 40 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген. Оның 30-ы мемлекеттік мектеп болса,  10-ы  жекеменшік. Бұл туралы білім министрлігі хабарлады. 32 мектеп бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.

Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептердің ең көп саны Астана мен Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Маңғыстау облыстарында орналасқан. 32 мектепке қатысты әкімшілік іс қозғалып, лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл салынды. Оның ішінде 23 мемлекеттік, 9 жекеменшік мектеп бар.

«Лицензияланбаған деген сөз  - мектептің жарамдылық тексерісінен өтпегенін немесе рұқсат алуға өтініш бермегенін білдіреді. Мәселен, оннан астам мектептің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы, қауіпсіздікке қатер төндіретін төтенше жағдайлар актілері жоқ. Ал бұл, ең алдымен, балаларымыздың денсаулығы мен амандығы. 14 мектепте материалдық-техникалық база талапқа сай емес, мектептердің құрал-жабдықтармен, білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілмеуі, әрине, білім сапасына әсер етеді», - дейді комитеттің рұқсат беру саясаты бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Әуезханова.

Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайтыны белгілі. Сонымен  лицензиясы жоқ мектептерге қатысты аумақтық департаменттер тарапынан тиісті шаралар қабылданып, облыс әкімдеріне тиісті хаттар жолданды.

Срочные новости