Independ.kz - новостной портал.
Logo
Поиск
Понедельник 29.05.2023
AQI
Алматы
+22°
Связаться с нами
2023-04-26 20:15
Бірқатар қазақстандық кәсіпкерлер рейдерлік шабуыл туралы ашық мәлімдеме жасады

Қазақстандық кәсіпкерлері мемлекет басшысына ұжымдық үндеу жасады. Олар Болат Назарбаевтың рейдерлік шабуылына қалай тап болғанын ашық түрде жариялауға бел буып, бас қосты.

Кәсіпкерлер Алматы қаласының прокуратурасын басқыншылар әрекетін қолдап, жасырды деп айыптап отыр. Кәсіпкерлер осы мәселе бойынша президентке жүгініп, жеке қабылдауын сұрады.

Independ.kz алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында әр кәсіпкер өзінің рейдерлік оқиғасын баяндап шықты. Осы оқиғалар салдарынан талай адамның тағдыры тәлкек болып, әділетсіздікке тап болдық, дейді жиналғандар.

7 жылға сотталған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга жаңа рейдерлік әрекет туралы хабарлады. Оның айтуынша, компаниядағы ұрлық салдарынан әлі күнге дейін баспанасын ала алмай жүрген «Есентай сити» тұрғын үй кешенінің 192 үлескеріне қауіп төніп тұр.

Esentai City жобасына рейдерлік шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Алайда, Ольга 2023 жылдың 5 сәуірінде бизнес акцияларын тәркілеу және пайдалануға тыйым салу туралы қаулы шығарған Бас прокуратура қызметкері Темірлан Әділхановтың әрекетіне назар аударуды сұрайды.

«Бұл әрекет заңсыз. Дәл осы акцияларды Қоспаевтың адамдары рейдерлерлікпен тартып алған болатын. Яғни, тергеу жобаны толығымен талан-таражға салмау үшін рейдерлердің тартып алған акцияларына тоқтау салып, оған иелік ету мүмкіндігін шектейді. Ал қала прокуратурасы аталған қаулымен келіспей, сол арқылы оларға біздің жобамызды тонау мен өздерінің адамдары арқылы рейдерлік әрекеттерін жалғастыруға мүмкіндік тудырып отыр. Осы жерде 192 үлескерге қауіп төніп тұр, осы ұрлық салдарынан олар әлі күнге дейін баспаналарын ала алмай отыр», - дейді Ольга Әбдіғаппарова.

Бас прокуратура қызметкері Әділхановтың мұндай әрекетін Бас прокуратураның Ішкі қауіпсіздік департаменті қарауы керек еді, деп есептейді Әбдіғаппарова.

«Заң өкілдері мен рейдерлердің мұндай жақсы үйлестірілген әрекеттері біздің бизнесімізді жаңа рейдерлердің басып алуына жол беруі деп есептейміз, одан басқа ештеңе емес! Акцияларға тыйым салу және оларға иелік етуді шектеу  - –  біздің заңды меншік құқығымызды қалпына келтіру үшін қажетті шара. Естеріңізге сала кетейін, дәл осы Қоспаев Елдос өзінің бажасы – Тимур Танашев арқылы біздің компанияның 60% акциясының иесі атанып отыр. Жалпы, Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы біздің компанияға 4,6 миллиард теңге көлемінде шығын келтірді. Компаниядағы басқа да ұрлық фактілері тексерілуде», - деп түсіндірді ол.

Әбдіғаппарова рейдерлік шабуылдан зардап шеккен бірқатар кәсіпкерлер атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауын сұрады.

«Сізден менің сөзімді ресми үндеу ретінде қабылдауыңызды сұраймын», - дейді ол.

Өз кезегінде кәсіпкер, «Marine club» қонақ үй-туристік кешенінің иесі Елена Мельникова Елдос Қоспаев тобының рейдерлік шабуылына қалай тап болғаны туралы айтып берді.

«Мен бұл туристік кешеннің заңды иесімін, бірақ қазір оның тек 18% ғана меншігімде. 2021 жылдан бастап Ваня ағай лақап аты бар Йохан Новаковский, Шалин Руслан, Имашев, Кудряшов, Елдос Қоспаев, Кузнецовтан құралған  рейдерлік топ біздің бизнестегі үлесімізді тартып алды. Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы алаяқтық жолмен біздің өміріміз бен отбасымызға қауіп төндіре отырып,  үлестің 82 пайызы мен 360 000 АҚШ долларын тартып алды. Артынша бізді «Marine club» кешенінен қуып жіберді», - деді ол.

Кәсіпкер әйелдің айтуынша, бұл іске Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық іс қозғаған. Бірақ Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев рейдерлерді ашық қолдап, 2023 жылдың 4 сәуірінде 10 айдың ішінде тергеу толық дәлелденгеніне қарамастан, қылмыстық істі тоқтату туралы жазбаша нұсқау берген.

«Ал бұл рейдерлер бізді және отбасымызды үшінші жыл қатарынан қорқытуда. Олар 199 миллион теңгені жасырып, біздің қонақ үй кешенінен 750 миллион теңге кіріс алған. Қылмыстық істің тоқтатылуы рейдерлерге жаңа серпін берді. Себебі соңғы 2 аптада олар бізді қорқытып, осы жарлықты көз алдымызда сілкілеп, бізді өз бизнесімізден қуып жібермекші! Мен ашық айтам - Алматы қалалық прокуратурасының жан-жақты қолдауымен рейдерлік жалғасуда!!!», - дейді Мельникова.

Тағы бір кәсіпкер Әзім Абдулаев Болат Назарбаевтың адамдары тарапынан қоқан-лоқы көргенін мәлімдеді.

«Мен 3 рет рейдерлік шабуылға тап болдым - 1999 жылы «Шалқар» шарап зауытын, 2013 жылы «Бахар» мейрамханасын, 2016 жылы Алматы шыны зауытын Болат Назарбаевтың адамдары тартып алмақшы болды. Маған қарсы шабуыл жасалды. Бас прокурорға хабарластым. Тергеу бір жылдан бері жүріп жатыр, нәтиже жоқ. Аталған істер жыл басында сотқа түсуі керек еді, бірақ олай болмады. Болат Назарбаев «ауырып қалып», оның адамдары Руслан Шалин мен Елдос Қоспаев қашып жүр. Оларды таба алмағандықтан бизнесім уақытша тоқтатылды. Олар табылғанша күтуге тура келеді», - дейді ол.

Алайда кәсіпкер оларды сырттай болса да соттауды талап етуде.

«Бірақ тергеушілер ештеңе істегісі келмейді. Маған өз бизнесімді өзіме қайтаруды және рейдерлерді соттауды сұраймын. Шыны зауытында 400 адам жұмыс істейді, 120 адам тұратын жатақхана бар. Біз сол кезде де көмек сұрадық, бірақ Назарбаевтың есімін естіген соң ешкімнің көмектескісі келмейді», - деді Абдулаев.

Сонымен қатар, «Qaz Orda Sauda» компаниясының қожайыны Тахир Гусейнов та президентке жүгініп, оның бизнесіне рейдерлік шабуыл жасау мәселесін шешуге көмек сұрады.

«Сіздерге жүгінсек, біз заңға сүйенеміз, әділдікке үміт артамыз. Бізге көмектесіп, қабылдаңыздар. Кездесуде мен көптеген жағдайларды ашық жеткіземін», - деді ол.

Ұжымдық үндеуге «Profit trade Ltd»  иесі Рамин Гасымов та қосылды.

Кәсіпкерлер көптен бері толастамай келе жатқан мәселелер әділ тексеріліп, шешімін табады деп үміттенеді.

Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдік орнатуға көмек сұрап, жеке қабылдауын өтінді. Олардың әрқайсысы бизнестегі рейдерлік басып алу туралы мәліметтердің қыр-сырымен бөлісуге дайын. https://www.youtube.com/live/y2kvu5x89SU?feature=share

Срочные новости