Independ.kz - новостной портал.
2023-03-29 14:46
Астанада VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ашылды

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы өз жұмысын бастады.

Сессияда Мәжілістің жаңа депутаттары ант беріп, Парламент палатасының төрағасын сайлайды.

«Сайлау науқаны барысында сындарлы сындар мен  салиқалы бастамалар айтылды. Біз барлық маңызды ұсыныстарды міндетті түрде сараптайтын боламыз. Қатты бәсекелестік жағдайында бұл сайлаудың нәтижелерін болжау мүмкін емес болды. Бұл біздің еліміздің маңызды қадам жасағанын көрсетті. Нағыз көппартиялық жүйе», - деді Тоқаев құттықтау сөзінде.

Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы азаматтардың жоғары деңгейде қатысуын көрсетті, олардың арасында көзқарастары мен бағыты әртүрлі адамдар болды.

«Мемлекет басшысы ретінде мен Мәжілістің жаңа құрамы идеологиялық көзқарастардың барлық спектрін көрсетеді деп есептеймін. Парламентке алғаш рет оппозицияда болған партия ұсынылды. Бұл ауқымды саяси реформалар мен партияларды тіркеуді реттейтін заңнаманы ырықтандырудың арқасында мүмкін болды», - деді Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы сайлаудан кейін жария етуге уәде берген жаңа бастамалар туралы айтқан  болатын.

«Біздің болашаққа нақты және айқын жоспарларымыз бар. Мемлекеттік институттарды жаңартудың соңғы сатысы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы болмақ. Осылайша, билікке жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін сенім мандатын алады. Басты міндет - бұл жаңашылдықты жүзеге асыру. еліміздің даму жолында тың бастамаларды алға тартып, оларды нәтижелі жүзеге асыру. Қазір жеткен жетістіктерге тоқталатын уақыт емес, жұмысты қарқынды жалғастыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекетті жан-жақты жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын нақтылай отырып,  сайлаудан кейін  бірқатар жаңа бастамалар көтеруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Халық өзінің ұмтылысын, ашықтығын, жоғары саяси сауаттылығын айқын көрсетті деп айта аламыз. Сайлау бәсекесінде жеңіске жету үшін көп жылғы қажырлы еңбек, халық пен тарих алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтқанда, ұзақ мерзімді және жүйелі стратегия ғана табысты қамтамасыз ете алады», - деді Президент.

Оның айтуынша, жеткілікті дауыс жинай алмаған кандидаттар жақсы практикалық тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

«Баршаңызды Қазақстанның мүддесі жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», - деді Тоқаев.

Ол БАҚ-та үгіт-насихат жұмыстары мен дауыс беру барысын кеңінен жариялағанын атап өтті.

«Отандық және шетелдік байқаушылардың бағалауы бойынша барлық партиялар мен кандидаттарға тең мүмкіндіктер берілді. Ешбір саяси ұйымның артықшылығы болған жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес, әкімдер партия филиалдарын басқармайды. Партиялық тізімде жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлері болған жоқ. Осылайша, сайлау кезінде барлық партияларға тең мүмкіндіктер берілді», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, сайлаушылар да, кандидаттар да жоғары белсенділік танытты.

«Елдің түкпір-түкпірінде саяси партиялардың сайлауға түсу бәсекесі қызу жүрді. Бірнеше рет тікелей эфирде партия өкілдері арасында шиеленісті де мазмұнды пікірталас ұйымдастырылды. Бұл демократиялық қоғамда үйреншікті тәжірибе. Мұның барлығы Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығаюының көрсеткіші болды», - деді Тоқаев.

Жоғары бәсекелестік жағдайында бұл сайлаудың нәтижелерін болжау мүмкін емес болды, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Осының бәрі  біздің еліміздің нағыз көппартиялық жүйеге маңызды қадам жасағанын көрсетті», - деп қосты Тоқаев.

Еске салайық, 19 наурыздағы сайлаудан кейін Парламент айтарлықтай жаңарған болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша, сайлауға қатысқан жеті партияның алтауы Мәжіліске өтті. «Аманат» партиясы 40 мандат, «Ауыл» партиясы 8 мандат, «Республика» мен «Ақ жол» партиясынан әрқайсысы 6 мандат, ҚХП 5 мандат, ЖСДП 4 мандат алды.

Срочные новости